7-10 сыныптардың арасында «Қыз болашағы – ел болашағы», «Бала құқығы – асыл қазына», «Қыз бала- ұлттың ұяты, халықтың шырайы», «Қызым үйде, қылығы түзде»

Мектеп өмірінде өнегелі істер мен сыпайылық қарым — қатынасқа тәрбиеленген қыздар, болашақта да ертең еңбек еткенде де жақсы жақтарымен көпшілік құрметіне бөленуі сөзсіз. Қыздардың бірі — жаңа буырқанған бұлақтың бастауы болса, екіншілері — ағысы қатты арналы өзен сияқты, бірі момын да, жуас, енді бірі өткір де өжет.
Қыз баланың физиологиялық, психологиялық даму кезеңдерін басшылыққа ала отырып жүргізілетін тәрбие жұмыстары өз нәтижесін бермей қоймайды.
Қыз бала алдында қоғамның, елдің, ұлттық тыныс — тіршілігі барысындағы үлкен жауапкершіліктің тұрғанын олардың санасына жасынан құйып, әдеп пен сыпайылық, тазалық пен адамгершілік нәрімен сусындатып, білікті, білімді, жан — жақты жетілген қыз баланы тәрбиелеуіміз керек.
• Қазақ отбасында қыз баланы қалай тәрбиелеген екен, соған тоқталайық.
Қазақ халқының әдет — ғұрып, салт — дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, қыз балаға келешекте ана, ақ босағаның аруы, шаңырақтың құт — берекесі екенін ұғындырып, әдептілікке, сыпайылыққа инабаттылыққа, мол мейірімділікке, төзімділікке, шыншылдыққа баулып, ар тазалығын жоғары ұстайтын қылықты қыз тәрбиелеу мектептен бастау алғаны нұр үстіне нұр болып отыр.
Біз ата — ананы пір тұтқан, тегімізді атадан, тілімізді анадан санаған халықпыз. «Атасыз ұл ақылға жарымас, анасыз қыз жасауға жарымас», «Қыз ақылды ескермес, ана үлгісін көрмесе, ұл жарылқап ас бермес, әке үлгісін көрмесе». Ұлттық салт — дәстүрімізді білу, оның астарын түсініп, атадан балаға мирас ету қазіргі таңда, әсіресе, қазақ қыздары үшін ауадай қажет.
Сынып жетекші: Қыз тәрбиелей отырып — ұлтты тәрбиелейміз» деген қанатты сөздің өзі қыз бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін білдіреді. «Қызым үйде, қылығы түзде» дейді екен бұрынғылар. Қыз баланың бойына асыл қасиеттерді дарыту тек құлаққа құюмен, ақыл айтумен не болмаса «Қызды қырық үйден тыюмен» шектелмейді, мәселе қай кезде, қандай жағдайда орынды ақыл ұсынып, үлгі — өнеге көрсету қажет.
Ізеттілік, көргенділік нәресте кезінен ана сүтімен бойға сіңеді. Қатты күлмеу, айқайлап сөйлемеу, үлкеннің жолын кеспеу, ыдыс аяқты салдырлатпау, алдымен кіріп, артымен шығу, есікті теуіп ашпау, босағаны кермеу, ұсынған кесені төмен қарап беру, үлкендерден жоғары отырмау тәрізді тіпті қыз баланың отырысына, жүрісіне, аяқ басқанына, киім киісіне, қимыл — қозғалысына, дауыс ырғағына дейін мән берудің өзі қыз бала тәрбиесіне аса зор мән беріп, көңіл қоюдың жауапкершілігін сездіреді.
Сынып жетекші:— Әдемі болыңдар, әсем болыңдар! Сонымен бірге ақылды болыңдар!
— Сұлу болыңдар, сымбатты болыңдар! Сонымен бірге саналы болыңдар!
— Қыздар ұйқышыл болмаңдар, ұмытшақ болмаңдар, ұрысқақ болмаңдар!
— Инабатты болыңдар, ілтипатты болыңдар, ұйымшыл болып өсіңдер!
Қыз бала тәрбиесі қай кезде де назардан тыс қалып көрген жоқ.
Бірақ бүгінгідей қоғамның аласапыран кезеңде қыз балаларды жан — жақты тәрбиелеудің уақыт күттірмейтін мәселе.
Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңгі тұтқасы — болашақ ұрпақтың дені сау, жаны таза болуы, бойларына жалқаулық, құнсыздық — жауапсыздықты дарытпау, өздерін сергек ұстауы — бұл да тәрбиенің бірден бір міндеті.
Қыз баланың бойына сыпайылық мейірбандылық, адалдық, сезімталдық және еңбекқорлық сияқты қасиеттерді кішкентайынан бастап дамытуды халқымыз өте ежелден қолға алған. Сондықтан қазақ қызы өзіне өмірлік жолдас, жар таңдауға ерекше жауапкершілікпен, сақтық, ұстамдылықпен қарап, оның маңызын санасымен аңғарып, жүрегімен түйсінген. Бұл істе жеңіл ойлылық, ұшқалақтық, орынсыз тәуекелге жол беруді өмірлік үлкен қауіп деп санаған. Қалыңдық үшін болашақ күйеуінің мінез — құлқы, ой – өрісі мен мәдениеті, білімі мен инабаттылық болмысы, жақсы — жаман әдеттері жайында жақсы білуі өте маңызды. Қыз бала тойларда, көп адам жиналған орындарда көзге түседі, сыналады. Ондайда өзінің ұстамдылығымен, жарқын жүзді сыпайылығымен, сергек сезімталдығымен, ептілігімен, шеберлігімен жұртқа танылады.
Қыз баланың өзінің сырт пішініне, киім сәніне немқұрайды, салғырт қарауы да келіспейді. Бұл оның тәрбиесінің жетімсіздігін мәдениетінің төмендігін көрсетеді.
«Ұлдың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге» — деп қараған халқымыздың ұл баланы тәрбиелеуді аталар мен әкелер өз қолына алса, ал қыз баланы тәрбиелеу әжелер мен аналардың ісі болып саналған.
Қыздарды үй шаруасына үйретудегі негізгі дұрыс ереже:
1. Бала кезден әсемдікке баулу. Мысалы: үйде гүлдер егу
2. Қол өнеріне үйрету: тігу, тоқу, кесте.
3. Үйді ұқыпты, жинақы ұстауға үйрету.
4. Аспаздық өнерге баулу.
5. Бірден бәрін түгел үйретемін деуге болмайды. Ол үшін сіз төзімді, шыдамды, болуыңыз керек. Сонда ғана жақсы нәтижеге жетесіз.
6. Қызыңыздың қызығушылығын қолдап, еркіндік беріңіз. Сіз тек жағдай жасаңыз.
Егер қызыңыздың қолынан бірдеңе келмей жатса, сөкпеңіз, ұрыспаңыз.
Қорытынды:
Сынып жетекші: Бүгінгі тәрбие сағатынан соң кейбір оқушылар өз бойындағы кемшіліктен арыла білуі керек, бұл әрбір адам болам, азамат болам деп құлшынған жанның қолынан келер нәрсе. Бүгінгі бозбала – ертеңгі қамқор әке, баланың панасы, әулеттің тірегі, бүгінгі бойжеткен — ертеңгі аяулы ана, ақылшы әже, әулеттің ұйтқысы.

