18
май
2020
«Адалдықты мұра еткен – Ұлы Абай» тақырыбындағы «Адалдық сағаты»

Біздің мектепте де, өскелең жас ұрпақтың тәрбиесіне, адалдық пен парасаттылық қасиеттерін дәріптеуге бағытталған бірқатар жүйелі жұмыстар да атқарылып жатыр. Оған дәлел, мектебімізде «Жемқорлыққа – жол жоқ!» деген ұран ұстанатын «Адал ұрпақ» еріктілер клубы жұмыс істейді. Бұл бастамалардың барлығы еліміздің ертеңгі тірегі, сендердің бойларыңда адалдық пен әділдік, адамгершілік және Отансүйгіштік қасиеттерін дамытуға өз үлесін қосатыны сөзсіз.
Биыл ұлтымыздың ұлы ақыны, жазушы, дана, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерей тойы. Ол өзінің 176 өлеңі, 3 поэма, 45 қара сөзін бізге өнегелі мұра ретінде қалдырды. Еңбектеріне зер салсақ, оның үнемі алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, адал еңбекті, адалдық қасиетін дәріптегенін байқаймыз. Мысалға айтар болсақ, «Сегіз аяқ» өлеңінде адал еңбектің түбі – адал ризық, нәсібесі бар екендігі, «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде бес асыл істі, «Сенбе жұртқа тұрса да, қанша мақтап» өлеңінде де адалдық туралы, өзіңнен басқа ешкімге сенбеу керектігін, адал еңбекті насихаттаған. Ал қара сөздерінде (29,37) адал еңбек – адамшылықтың белгісі екенін анық жеткізе білді.
Сондықтан да, білім алу жолында да – адал болу, өзгеге емес өзіне сенетін, адал еңбекті мұра еткен Абай атамыздың құнды ойларын өз өмірлеріңде басшылыққа алуға шақырамын. Осы адалдық қасиеттеріңді жоғалтпай, алдағы өмірлеріңде де оңай жол іздемей, болашақта өз білімдеріңе сеніңдер, абыройлы болыңдар!
Айшабибі орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Көпбаева Шолпан Мұхтарқызы