11
August
2020
10 тамыз - "Абай күні"

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының ұсынысымен Мемлекет
басшысы 10 тамызды, яғни, ұлы Абай Құнанбайұлының туған күнін "Абай
күні" деп белгіледі.
Абай – өз шығармаларымен қазақ халқының ақыл-ой, жан-жүрек
қазынасын ғаламат байытқан дана ақын ретінде әлемдік өркениеттен ойып
орын алған ұлы тұлға. Ұлы Абай сол биікке өзімен қоса туған ұлтын да
өрлетіп, төрлетіп отыр. Темірқазығымыз, шамшырағымыз ұлы хакім екенін
бүгінгі ұрпақ бағамдап қалды. Биыл The president ұлы ақынның 175 жылдық
мерейтойына орай, Абай жылын жариялап, елімізде қыруар шаралар өткізу
көзделіп, қолға алына бастаған болатын. Алайда бүкіл әлемді бір қауызға
сыйғызған пандемия індеті мерейтойдың да жолын кесті. Соған қарамастан
елімізде онлайн режімде Абай туындылары оқылып, жатталып, талданып,
зерттеліп, насихатталып жатыр. Тіпті халықаралық видеоконференциялар да
жүргізілуде. Біздің мектебімізде де түрлі іс-шаралар қашықтықтан өткізілуде.
Еркін ойлы Алаш қайраткерлеріне қуат берген Абай, алапат атом
жарылыстарының зардабымен күресте қалың еліне дем берген Абай,
тәуелсіздік үшін күресте де, тәуелсіздік тұсында да жұртына бағыт-бағдар,
қайрат-жігер берген Абай қазіргі індеттен арпалысып күйзелген халқын өз
рухымен жебеп, жырымен емдейтін құдіретке ие. Абай күні, Абай мерекесі
құтты болсын!
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Копбаева Шолпан Мұхтарқызы